Toyota Шанхайда зауыт салады: Lexus электромобильдері Қытайда жасалады

Жапон автокомпаниясы Toyota Қытайда жеке кәсіпорын салады. Nikkei Asia хабарлауынша, зауытта өзінің премиум сегментіне кіретін Lexus брендімен электромобильдер шығарады.
Зауыт Шанхай қаласында орналасады және 2027 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Қазір Toyota Қытайда автокөліктерді тек жергілікті өндірушілермен бірлескен кәсіпорындарда шығарады. Мысалы, оның FAW компаниясымен бірлескен кәсіпорны бар. Зауыт жазда Чэндуде жаңа Land Cruiser Prado өндірісін бастады. Toyotа компаниясының Қытайдағы серіктестеріне GAC және BYD кіреді.
Осылайша, Шанхайдағы зауыт Toyota автокомпаниясының дербес жұмыс істейтін алғашқы жергілікті зауыты болмақ.
Қытай – Lexus үшін АҚШ-тан кейінгі екінші маңызды нарық. Былтыр америкалықтар 320 мыңнан астам премиум көлік, ал қытайлар 180 мыңнан астам көлік сатып алған.
Lexus 2024 жылдың сәуір айында Шанхай автосалонына әкелінген LF-ZC концепциясында «жасыл» көліктер сериясын дамыту бойынша болжамдарын таныстырды. LF-ZC концепт көлік толық жетекті және шамамен 1000 шақырым қашықтыққа жететін хэтчбек сериялы болады. Бұл көлік Қытайдағы жаңа зауыттың құрылысы аяқталғанға дейін өндіріледі деп күтілуде.
Жалпы Lexus бренд тарихындағы алғашқы электромобильін 2022 жылы сәуірде таныстырды. RZ 450e бірнеше жылдан бері құпия болып келген. Бұған дейін интернет желісінде автоның алғашқы фотолары тарады. Енді міне, осындай «жасыл» көліктердің дені Қытайда өндірілуі мүмкін.
Еске сала кетсек, 2025 жылы Toyota компаниясы GAC брендімен бірлесіп электрокар шығаратынын хабарлады. BZ7 автокөлігі Қытайда құрастырылмақ. Тоқпен жүретін темір тұлпардың өндірісі келесі жылы қолға алынады.