Лайфхак: бензин үнемдеудің 10 тиімді жолы

Бензин үнемдеу – айлықтан айлыққа әзер жететін жүргізушілер үшін өте қажет дүние. Әсіресе, қыста көлікті қыздыру, пешін қосу, орындықты жылыту сияқты функциялар бензинді кеселеп ішеді.
Көлікті күтіп ұстау, майын уақытылы ауыстырып отыру өте маңызды. Өйткені бензинді үнемдеуге көліктің «бабы» тікелей әсер етеді.
Шина қысымын қалыпты ұста
Шина қысымы қалыпты болмаса, отын шығыны көп болады. Егер қысымы төмен болса, дөңгелектің айналу ырғағына кедергі келтіріп, бұл жағдай қозғалтқыштың қалыптан тыс қатты жұмыс істеуіне әкеледі. Сол үшін шина қысымын үнемі тексеріп, қалыпты деңгейде ұстау керек.
Тежегішті кілт баспа, бірден қатты жүрме
Көлікті қарадүрсін жүріске салсаң, бензиннің де соры. Орнынан жылдам қозғап, немесе кілт тежегішті басу тек шығын емес, көліктің өзіне де зиян. Баппен айдау керек. Зуылдап келіп кілт тоқтау, орнынан қамшы басу үнемшіл адамға тән әрекет емес.
Жылдамдықты қалыпты ұста
Кейде ұзақ жолға шығасыз. Бағдаршам жоқ, кедергі болмайтын автобандарда жылдамдықты қалыпты ұстау керек. Инерциямен азайтып, сатылап көтеріп отыру керек. Сонда көлік бензинді көп жақпайды. Тұлпарыңда круиз-бақылау тетігі болса тіпті тамаша!
Біраз кідіретін болсаң өшіріп қой
Егер тоқтап, бір минуттан артық аялдайтын болсаң, көлікті өшіріп қой. Қозғалтқыш қосулы болса, көлік жүрмеген кезде де бензин тұтынады. Оған қоса, заманауи көліктер қайта оталдырғанда бензинді өте аз жейді.
Көлікте артық жүк жүрмесін
Көліктің багажына бір қап күріш салып, оны үйге кіргізуді ұмытып кететіндер бар. Мұның бәрі көлікке артық жүк. Артық жүк – қосымша салмақ. Қозғалтқышқа күш түседі, сосын бензин де шығындайсыз. Салонның артқы бөлігін тексеріп, багажды босатып отырыңыз.
Қатты жылдамдықта терезені жауып отыр
Терезені ашатын кез болады. Бірақ қатты жылдамдықпен келе жатқанда терезе ашық тұрмағаны абзал. Ауа кедергісі пайда болып, қозғалтқышқа қосымша күш түседі. Жылдамдық 60 км/сағ асқанда терезені ашудың қажеті жоқ.
Кондиционерді үнемді пайдалан
Кондиционерді беталды қоса берме. Әсіресе, қатты жылдамдықпен келе жатқанда кондиционер қосудың қажеті шамалы. Ол да қозғалтқышқа қосымша күш жүктейді. Егер жылдамдық 60 км/сағ аспайтын болса, кондиционер орнына терезені ашыңыз.
Діттеген жерге тез жетудің амалын қарастыр
Қазір не көп, навигациялық қосымша көп. Қай жерде кептеліс, қай көше уақытша жабық тұрғанын көрсетіп тұрады. Сол үшін кептелісте көп тұрмайтын, салғырттық кесірінен сандалып жүрмеудің жолын қарастыр. Кейде кептелісте көп тұрғаннан артық шақырым жүрген тиімдірек.
Майын уақытылы ауыстыр
Егер техникалық қызметке уақытылы жүгінбесең, онда бензин үнемдеуге ештеңе көмектеспейді. Көліктің майын, сүзгілерін, оталдыру шамдарын уақытылы ауыстырып, сору жүйесінің жағдайын бақылаңыз. Май жаңартылса қозғалтқыш қалыпты жұмыс істейді, демек бензинді де көп тұтынбайды.
Білетін адамның кеңесіне жүгін
Көлікке қалаған майыңды құюға болмайды. Әрине, сапалы бензин құй, бірақ майын ауыстырғанда мамандардың кеңесіне жүгін. Әр көлікке тиімді май болады. Кейде қыс мезгілінде басқа, жаз мезгілінде басқа май құюға кеңес беруі мүмкін. Мұның бәрі айналып келгенде қозғалтқыштың қалыпты жұмыс істеуіне әсер етеді.