Бағдаршам

Автотұрақ ақысын төлемегендерге 3 емес, 1 АЕК көлемінде айыппұл салынады

Сенат депутаттары жол ережесін бұзғандарға салынатын жаңа айыппұлды мақұлдады. Әкімшілік кодекстегі жаңа өзгеріске ҚР президенті қол қойған соң – 2025 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді.

ҚҰЖАТТА ҚАЙ НОРМАЛАР ҚАТАҢДАТЫЛҒАН?

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 593-бабы мынадай мазмұндағы 1-2-бөлікпен толығады: «Жолаушыны көлік құралы кабинасының (салоны) сыртында тасымалдау, жолаушының көлік терезесі немесе люгінен шығып тұруына және жүріп келе жатқан есікті ашуға жол беру сияқты жағдайларда 10 АЕК айыппұл салынады».

Мүмкіндігі шектеулі жүргізуші қарсы бағытқа шыққаны үшін айыппұл төлейді. Бұл ережені бұзғандар 596-бап бойынша алты айға жүргізуші куәлігінен қағылады. Бірақ мүгедектерге мұндай жаза қолдануға болмайды. Сондықтан 30 АЕК айыппұл салу туралы шешім шықты.

Ал қарсы жолаққа шығып, жол апатына түссе (ешкім зардап шекпесе), жүргізуші 9 айға көлік жүргізу құқығынан айырылады.

Жедел жәрдем және басқа арнайы қызмет машинасына басымдық бермеген жүргізуші 598-бап бойынша 7 емес, 20 АЕК айыппұл төлейді. Мұндай әрекет бір жылда екінші рет қайталанса, айыппұл мөлшері 15 емес, 40 АЕК болады. Айыппұлдың орнына 20 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалуы мүмкін.

Теміржол өткелінен өту ережесін бұзғандарға да жаза күшейеді. Бұған дейін жүргізуші 607-бап бойынша 10 АЕК айыппұл төлейтін, енді жаза 20 АЕК болады. Егер жүргізуші жол апатына түссе (ешкім зардап шекпесе), 9 айға куәлігінен айырылады.

Жаяу жүргінші мен самокатшы жол қозғалысының өзге қатысушылары сияқты жол апатына себеп болған ережені бір жылда қайта бұзса, 20 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады. Ал терезеден немесе люктен денесін шығарған жолаушы 10 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды. Ол үшін 615-бапқа өзгеріс енеді.

НОРМАДА ҚАНДАЙ ЖЕҢІЛДІКТЕР ҚАРАСТЫРЫЛҒАН?

Әкімшілік кодекске жол ережесін бұзған кейбір әрекет үшін жазаны жеңілдететін түзету енеді.

Мәселен, автотұрақ ақысын төлемегендерге 3 емес, 1 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде екінші рет төлемесе, оның көлемі 5 емес, 2 АЕК болады (597-бап). Депутаттар бұл ережені бұзған жүргізушіні әкімшілік жауапқа тартпауды ұсынған. Олар автотұрақ иесі мен жүргізуші арасындағы қатынасты бизнес деп есептейді. Сондықтан олардың арасында туындаған мәселе азаматтық-құқықтық тұрғыда шешілуі керек. Алайда, норма жеңілдетілгенімен, алынып тастаған жоқ.

Ең бастысы — ешкім зардап шекпеген жол апаты үшін жүргізуші алты айға көлік жүргізу құқығынан айырылмайды. Тек 20 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді. Ал бір жыл ішінде тағы апатқа түссе немесе оқиғадан кісі зардап шексе, 9 айға жүргізуші куәлігінен айырылады. Ол үшін Әкімшілік кодекстің 610-бабына өзгеріс енеді.

Сондай-ақ Әкімшілік кодексте қоқысты арнайы бөлінген орыннан тыс жерге төккендер (қоқыс таситын көліктер егіс алқабы немесе сай-саланы ластайды) мен тасымалдаушыларға қойылатын кей талапты бұзғандарға жауапкершілік қарастырылған.

Басқа материалдар

Back to top button