АЕК өссе, 2025 жылдан бастап айыппұл қанша болады?

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері 3932 теңге болады. Жол ережесін бұзған көлік жүргізушілеріне салынатын айыппұл көлемі осы АЕК мөлшеріне тікелей байланысты. Сондықтан қаңтардан бастап айыппұл мөлшері де өседі.
Мысалы, жылдамдықты 10-20 км/сағ асырған жүргізуші 5 АЕК, яғни 19 660 теңге (қазір 18 460 теңге) төлейді. Қауіпсіздік белдігін тақпаған, шлемсіз жүрген немесе тоқтау және аялдау ережесін бұзған жүргізушіге де дәл сондай сомада айыппұл салынады.
Бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткендерге қазір 36 920 теңге (10 АЕК) салынса, келер жылы айыппұл мөлшері 39 320 теңге болады. Жылдамдықты 20-40 км/сағ асыру, көлікті мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орынға заңсыз қою немесе жаяу жүргінші өткелінде адам өткізбеу сияқты ереже бұзғандарды да осындай жаза күтіп тұр.
Көлік жылдамдығын 60 км/сағ және одан жоғары асырған жүргізуші 40 АЕК (жаңа айыппұл — 157 280 теңге) арқалайды.
Ал жүргізуші куәлігінен айырылған адам көлік рөліне қайта отырса (сондай-ақ ол 10 тәулікке қамауға алынуы мүмкін) немесе жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалса, айыппұл (50 АЕК) 184 600 теңгеден 196 600 теңгеге дейін өседі.