Бағдаршам

Жеке тұлғаларға шетелден көлік әкелуге шектеу бола ма — министр жауабы

Құрылыс және өнеркәсіп министрі Қанат Шарлапаев Қазақстанда көлік әкелу ережесіне қатысты енгізілген өзгеріске қатысты пікір білдірді.

БАҚ өкілдері министрге «Доллар қымбаттап, қазақстандықтарға шетелден көлік әкелу қиындай түсті. Осы жағдайды ескерсек, автокөлік қымбаттап, тұрғындар үшін қол жетпес дүниеге айналды. Шетелден көлік әкелуге неге шектеу қойылды?» деген сұрақ қойды.

Құрылыс және көлік министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, ережеге ешқандай өзгеріс енгізілмеген.

Біріншіден, Қазақстанға көлік әкелу ережесі 2015 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Оған ешқандай өзгеріс енгізілмеген.
Екіншіден, сізге 2 факторды атайын. 2023 жылғы 21 сәуір мен 31 желтоқсан аралығында елімізге 2 немесе одан да көп көлік әкелген  адамдар анықталды. Жеке тұлғалар бірнеше көлік жеткізген. Мысалы, бір адам 793 көлік, 34 адам 100-ден аса көлікті Қазақстанға кіргізген. Демек, бұл адамдар кәсіпкерлікпен айналысты деген күдік туындайды, – деді ол.

Министрдің айтуынша, адамдар кәсіпкерлікпен айналысып, жүздеген көлік әкелсе, заң талаптарын орындап, тиісті салықтан жалтармауға тиіс.

Сондықтан осы мәселеге нүкте қояйын. Көлік әкелу ережесіне жаңа өзгерістер енгізілген жоқ. Қайталап айтамын, ол 2015 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Адамдар 100 немесе 793 көлікті жеке мақсатта пайдалану үшін әкелмейтіні түсінікті. Олар бұл автомобильді қайтадан сататыны белгілі. Егер бизнеспен айналысқыңыз келсе, ЖШС ашып, ресми түрде жұмыс істеңіздер. Жеке тұлға ретінде көлік әкеліп, мемлекетті алдауға тырыспаңыздар. Егер біреу бизнеспен айналысқысы келсе, онда ресми түрде айналысуы керек, – деді Қанат Шарлапаев.

Қысқаша айтқанда, биыл 1 желтоқсаннан бастап Қазақстанға өз бетімен автомобиль импорттау шарты төмендегідей болады:

  • Жеке тұлға жылына бір рет жаңа немесе қолданыста болған автомобильді көлік құралы құрылымының қауіпсіздігін растайтын куәлікпен рәсімдеп, жеке пайдалануға арналған тауар ретінде арнайы мөлшерлемемен кедендік тазартудан өткізеді. Мөлшерлеме қолданыстағы деңгейден жоғары. Электромобиль, кейбір коммерциялық көлік пен мототехника есептелмейді. Жеке пайдалану үшін жеткізген көлікті коммерциялық мақсатта қолдануға тыйым салынады.
  • Заңды тұлға жаңа автомобильді тек көлік құралының типін мақұлдау құжатымен импорттайды. Құжатта заңды тұлға көрсетілмеген автомобильді кеденде рәсімдеуге болмайды. Шыққанына 3 жылдан асқан қолданыста болған автомобильді заңды тұлға (оның ішінде жеке кәсіпкер) көлік құралының типін мақұлдау құжатын рәсімдегеннен кейін шексіз кіргізе алады.
  • Кедендік тариф (бірыңғай кедендік тариф емес) тек заңды тұлғаға қолжетімді: кедендік рәсімдеу — 15 % және ҚҚС (қосымша құн салығы) — 12 %.

Еске сала кетейік, жақын шет елдерден Қазақстанға автокөлік әкелуге шектеу енгізіледі деген жаңалық 2022 жылы да айтылған еді. Алайда, үкімет баспасөз қызметі бұл ақпаратқа жауап беріп, арнайы түсініктеме берді.

«Бүгінгі таңда шетелдік көліктерді заңнаманы бұза отырып елге әкелу жағдайлары жиілеп кетті. Атап айтқанда, ұрланған немесе кепілге қойылған, жалған нөмір тағылған көліктерді пайдалану фактілері анықталып жатыр. Осыған байланысты Қазақстанға «проблемалық» автокөлікті әкелудің алдын алу және жалпы әкімшілендіруді жақсарту үшін Көлік құралдарын әкелу ережелері (уақытша ережелерді қоса алғанда) әзірленуде. Онда мұндай автомобильдерге бақылауды күшейту, тіпті оларды елге әкелуді шектеуді көздейтін тетіктер қарастырылады», — делінген хабарламада.

Үкімет бұл шаралар шет мемлекеттерде тіркелген, ел аумағына заңды жолмен әкелінген және заңды бұзбай пайдаланылатын автокөліктерге қолданылмайтынын атап өтті.

Басқа материалдар

Back to top button